Ойыл ауданында өткен «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясындағы басты шаралардың бірі – «Дәуір дефилесі» ұлттық киімдер сән көрсетілімі болды. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл көрініс қазақ халқының дәстүрлі киім мәдениетін кезең-кезеңімен танытып, ұлттық ою-өрнектің, матаның, зергерлік әшекейдің тарихи мәнін көпшілікке паш етті.
Фойеде қойылған көрме арқылы қонақтар қазақтың көнеден келе жатқан киім үлгілерінің жасалу техникасымен, қолданылған материалдарымен және өңдеу әдістерімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алды. Ал негізгі бөлім – «Дәуір дефилесі» – ұлттық киімдердің эволюциясын сахналық форматта жүйелі түрде көрсетті.
Дефиле барысында назарға ұсынылған ұлттық киімдер бірнеше бағытты қамтыды:
Ежелгі дәуір үлгілері, дәстүрлі күнделікті киімдер, салтанатты және мерекелік киімдер, қыз жасауы мен келін киімдері,
ерлердің дәстүрлі киімдері, өңірлік стильдегі киімдер таныстырылды.
Көрсетілімнің соңында аймақтық ерекшеліктерге тән киімдер ұсынылды:
– Батыс өңірінің тегілмелі сәнді камзолдары,
– Орталық Қазақстанның дәстүрлі қарапайым бояулы шапандары,
– Шығыс аймақтың нақышты кестелері,
– Жетісудың зерлі, жеңіл матадан тігілген әсем киімдері.
Әрбір топтама қазақтың киім өнері ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрдің, табиғатпен етене байланысқан тұрмыс-тіршіліктің, қолөнер шеберлігінің, эстетикалық дүниетанымының айқын көрінісі екенін дәлелдеді.
«Дәуір дефилесі» ұлттық киімдер көрмесі мен сән көрсетілімі қазақ этномәдени мұрасының байлығын жаңа қырынан танытып, ұлттық киімнің тек өткеннің жәдігері емес, бүгінгі ұрпақ үшін де рухани құндылығы зор мәдени мұра екенін айқындады.
ScreenReader

