2025 жылғы іс-шаралар

“Ана тілі аруы-2025”
«Ұлттық біртұтас тәрбие беруде-балалар кітапханасының маңызы» атты семинардың көрнекілік шарасы ретінде “Ана тілі аруы-2025” байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты – ұлттық тәрбиеге үлес қосу, сұлулық пен инабаттылықтың символы – қыз балалардың ана тіліне деген құрметін арттыру, рухани әлемінің көркем түрде дамуына ықпал ету. Байқауға ауыл мектептері мен аудан басындағы мектептерден 9 үміткер бақ сынасты. Төрт турды қамтыған байқаудың ішінде ұлттық құндылықтарға байланысты сұрақты өрбіту арқылы тіл ділмәрлығы, көркем туынды насихаттау сынды салмақты бөлімдер ұсынылды. Әділқазы алқасының шешімімен

Соркөл орта мектебінің оқушысы Ә. Досбаева “Ана тілі аруы-2025” номинациясын иеленді.

Бірінші жүлделі орынды Ш. Берсиев атындағы мектептің оқушысы Есқали Інжу Ержанқызы

Екінші жүлделі орынды Ойыл қазақ орта мектебінің оқушысы Жұмабай Айсұлу,

Үшінші жүлделі орынды Ә. Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің оқушысы Серікқали Дильназ Қуатқызы иеленді.

Сонымен қатар басқада қатысушылар мен жеңімпаздарға Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Осы байқауда балаларға қолдау білдірген ата – аналарға, жетекшілеріне Аудандық балалар кітапханасы атынан зор алғыс білдіреміз!


«Ұлттық біртұтас тәрбие беруде-балалар кітапханасының маңызы»

10 қараша күні Ойыл аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен ” «Ұлттық біртұтас тәрбие беруде-балалар кітапханасының маңызы» атты семинар-тренингі өтті. Семинарды бөлім басшысы Г. Жеткергенқызы ашып, сәттілік тіледі. Ұлттық тәрбиенің бастауында құндылықтың өзегі-кітап оқытуды бала жасынан бастаудың маңыздылығы туралы сахналық көріністер қойылып, кітапхана меңгерушісі Г. Аманжолқызы тақырыпқа сай баяндама жасады. Осы семинар аясында, “Әжелер мектебі” тәрбиелік клубының тұсауы кесілді. Кітапханашыларға арналған психологиялық тренингтерді Ойыл қазақ орта мектебінің психолог- маманы Т. Сиябаева ұсынса, балалар кітапханасының библиографы А. Мәуленова ерекше балалармен жұмыс істеудің жаңаша әдістерін ортаға салды. Семинар – тренингтің жоғары дәрежеде өтуіне – “Балдырған” бөбекжай-бақшасы ұжымы, Аудандық саз мектебі мамандары ерекше үлес қосты.

Бүгінгі семинар-тренингтің әріптестерге берген тәжірибесі зор болғанын, болашақта жаңа идеяларға арқау болатынына сенім білдіреміз!

Семинар соңында балалар кітапханасы жұмысына атсалысып келе жатқан серіктестер- ұжымдарға, ата-аналарға, аудан балаларының шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосып жүрген ауылдық кітапханашыларға Алғыс хаттар табысталды!

Арнайы шақырылған құрметті қонақтарымыз-Аудандық маслихаттың төрағасы С. Ғазизұлы, “Балдырған” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ә. Қаржауқызы семинар жұмысын жоғары бағалап, ізгі ниеттерін жолдады.