«Ұлттық құндылық – ұлт қорғаны» кітабының таныстырылымы өтті!

Бүгін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында елдің рухани өміріне ерекше серпін берген маңызды шара – «Ұлттық құндылық – ұлт қорғаны» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Туындының авторлары — ұлт руханиятының жанашырлары, жерлестеріміз Серғалиева Райгүл Ақтөреқызы мен Жалғасбаева Мәдина Алтайқызы. Бұл еңбек — жай ғана кітап емес, қазақ болмысының, ұлттық тәрбиенің, дәстүр сабақтастығының айнасы.

Онда ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріміздің тәрбиелік мәні, ұлттық сана мен рухты сақтаудың жолдары кеңінен сөз болады. Авторлар бүгінгі жаһандану заманында ұлттық тамырынан ажырамаудың маңызын тереңнен талдап, ұлттың болашағы — рухани құндылықты сақтау мен дамытуда екенін нақты мысалдар арқылы көрсетеді.

Шара барысында сөз алған қонақтар мен әріптестер авторларға шығармашылық табыс тілеп, еңбектің қоғам үшін мән-маңызына тоқталды.

Кітапта көтерілген мәселелер тек ғылыми тұрғыда ғана емес, тәлім-тәрбие, отбасы, мектеп және қоғам арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.

Таныстырылым жылы әрі мазмұнды өтті.

Қатысушылар ұлттық құндылықты дәріптеу — бүгінгі ұрпақ алдындағы басты парыз екенін айтты. Әсіресе жастар үшін мұндай еңбектер — рухани бағыт пен тәрбиелік бағдар болмақ.

Шара соңында қатысушылар авторларға алғыс білдіріп, кітаптан рухани шабыт алғандарын жеткізді.