Ойыл аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ сөз өнерінің көрнекті өкілі, айтыс өнерінің абызы, ақын, публицист Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына орай «Сөздің сардары, айтыстың абызы» атты тағылымды импровизациялық әдеби кеш өткізілді.
Бұл рухани шараның басты мақсаты — ұлттық әдебиетімізге өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа өнеге ету, сөз өнеріне деген құрметті арттыру болды.
Кеш барысында Жүрсін Ерманның балалық шағы мен шығармашылық қалыптасу кезеңдері, айтыс өнеріндегі ерен еңбегі, қазақ руханиятындағы орны туралы кеңінен айтылды. Ақынның тағылымы терең, ойы орамды өлеңдері оқылып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.
Сонымен қатар, оқырмандардың белсенділігін арттыру мақсатында әдеби ойындар мен танымдық сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып, көрермендер ақын шығармашылығы жөніндегі білімдерін ортаға салды.
Әдеби кешке қатысушылар ұлттық рухты асқақтатқан, сөз құдіретін дәріптеген әсерлі шарадан үлкен рухани азық алып тарқасты.
Мұндай мазмұнды кездесулер қазақ әдебиетінің дамуына серпін беріп, кітап пен оқуға деген сүйіспеншілікті арттырары сөзсіз.
ScreenReader

